00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Мәулен Әшімбаев Сенаттың жылдық жұмысын қорытындылады

26 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Мәулен Әшімбаев Сенаттың жылдық жұмысын қорытындылады
Фото: parlam.kz

Парламент Сенатының cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған бірқатар заңды қарап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отырысты ашқан Сенат nөрағасы, алдымен, Палатаның және жеке өз атынан Маңғыстау облысында болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Мәулен Әшімбаев төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік комиссия құрылып, құтқару операциясы аясында жедел қажетті шаралар қабылданғанын, сондай-ақ зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заң нормаларына сәйкес «қоғамдық жұмыстар» түріндегі әкімшілік жаза енгізіледі. Сондай-ақ құжат әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жаза қолдануға құқығы бар лауазымды адамдар шеңберін кеңейтуді көздейді. Іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын жағдайларда жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қайта қарау тәртібі де айқындалған. Жалпы, заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіруге және оңтайландыруға, сондай-ақ құқық қолдану практикасында анықталған құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға мүмкіндік береді

Сенат nөрағасы бұл Палатаның биылғы қорытынды отырысы екенін айтты.

«Жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды салалар да қамтылды. Азық-түлік қауіпсіздігі және Экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдаулар өткізілді. Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден астам дөңгелек үстел мен rомитеттердің көшпелі отырыстары ұйымдастырылды. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолдадық», – деді Палата cпикері.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев 2025 жылға арналған міндеттерді белгілеп берді. Олар сенаторлардың заңнамалық жұмысын одан әрі күшейтуді және өңірлермен өзара іс-қимылды жандандыруды көздейді.