Несіп Жүнісбаев: Әр өңір климатына байланысты спортты дамыту қажет
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтар күні «Ana tili» газетіне ауқымды сұхбат берген еді. Осы орайда белгілі қаламгер, қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбаев өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өткен жылды қорытындылай келе, еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынып, бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілгенін айтқан болатын. Иә, кейінгі жылдары кәсіби спорттан бөлек, бұқаралық спортты дамыту барысында да көп шара атқарылуда. Алматы, Астана, Шымкент сынды мегаполисте жыл сайын адам санының өсуінен спорттық ғимараттарға деген сұраныс артып жатыр. Астана қаласында «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» велотрегі, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешені және т.б заманауи спорт сарайы және 600-ге жуық спорт объектілері таңнан кешке дейін еш босамайды. Әсіресе футболдан ұлттық құраманың тарихи жетістігінен кейін футбол мен шағын футболға қызығушылық артты. Астананың аулаларында Aulafit жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл өте қуантарлық жайт. Алайда спорт саласындағы мамандар осы қарқындарынан таймай, одан әрі жоспарларын жалғастыра беруі тиіс», - деді Несіп Жүнісбаев.
Спикер бұқаралық спортқа көңіл бөлудің арқасында жас ұрпақ бос уақыттарын тиімді өткізіп, зиянды әдеттерден аулақ болатынын айтты.
«Әр өңір климатына байланысты спортты дамытқан жөн. Мысалы, Астана қаласында қыс мезгілі ұзақтау болады. Осы орайда шаңғы, биатлон, конькимен жүгіру, шайбалы хоккейден мүмкіншіліктерімізді арттыра білуіміз қажет. Бұқаралық спорттың арқасында мамандар болашағынан үміт күттірер жас таланттарды байқап, келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын спортшылар легі қалыптасады», - деді ол.