Нұрлан Ысқақов: Сұхбатта шетелде білім алу маңыздылығы туралы айтылды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтар күні республика деңгейіндегі өзіндік орны бар баспасөз құралы «Ana tili» газетіне ауқымды сұхбат берді. Мемлекет басшысының сұхбаты туралы Астана қаласы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Ысқақов пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мектеп директоры сұхбатта жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шығуы туралы айтылғанына тоқталып, олардың әлемдегі беделді университеттерде білім алуы ел дамуына үлес қосатынын айтты.
«Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында ел үшін маңызды мәселелер көтерілді. Оның бірі – білім. Президент жастардың шетелде оқуы қалыпты үрдіс екенін алға тартты. Біздің елімізде жастарға әлемнің кез келген мемлекетіне барып, білім алуға мүмкіндік берілген. Олар тәжірибе алмасып, жан-жақты дамып, жаңа дүниелерді үйренеді. Әлемнің әр жерінде болып жатқан өзгерістерді елімізге ала келеді. Осылайша елімізді дамытуға үлес қосады», - деді ол.
Нұрлан Ысқақов шетелде білім алу мүмкіндігін жастар тиімді пайдалану керек деп есептейді.
«Президент сұхбатта жастардың тіршілікке бейім, табанды болуы керек екенін айтты. Ол «Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті» деп бекер айтқан жоқ. Жастардың талпынысы мен талабына, қабілет-қарымына сай шетелде білім алуға, саяхаттауға мүмкіндік мол. Білімнің көкжиегін кеңейту үшін жастар осы игілікті тиімді пайдалану керек. Ең бастысы - өзге мемлекетте алған білім-білігін туған жерінде пайдаға асырса болғаны», - деді мектеп директоры.