Тоқаев: Ынтымақ-бірлік, диалог – елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары


Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз.
Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз.
Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз. Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз», - деді Президент.



