Шерзод Пулатов: Біздің күшіміз – бірлікте


Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің және Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл бойы еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, бірлік пен келісімнің тірегі болып келеді. Бұл құрылымның басты мақсаты – еліміздегі барлық этностардың мүдделерін қорғау, олардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға жағдай жасау. Ассамблеяның арқасында Қазақстанда этносаралық қатынастардың бірегей моделі қалыптасты. Бұл модель әлемге үлгі боларлықтай деңгейге жетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біздің басты байлығымыз – бірлік пен ынтымақ. Бұл – еліміздің тұрақты дамуының негізі», – деп атап өтті. Мемлекет басшысының бұл сөзі Ассамблеяның рөлін айқын көрсетеді. Шын мәнінде, бірлік пен ынтымақ – кез келген елдің табысты дамуының кепілі. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам ұлыс өкілдері қазақ халқымен бірге «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидасының негізінде бейбіт өмір сүруде. Бұл – Ассамблеяның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мәдени орталықтар, этномәдени бірлестіктер жұмыстары да халық арасындағы достықты нығайтуға бағытталған», - деді Шерзод Пулатов.
ҚХА өкілі отандастарымызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтай отырып, еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.
« 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі еліміздегі түрлі этностар мен мәдениеттердің өзара түсіністігі мен достығын, татулығы мен ынтымағын дәріптейтін ерекше күн.
Бұл күн Қазақстандағы этнос өкілдерінің достығы мерекесі, әрқайсымыз үшін ерекше маңызға ие. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырамын. Біздің күшіміз – бірлікте!», – деді Шерзод Пулатов.



