Әкесін ұрып өлтірген: Түркістан облысында ұлы мен келіні сотталуы мүмкін

Бүгін, 19:02
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
views41
Әкесін ұрып өлтірген: Түркістан облысында ұлы мен келіні сотталуы мүмкін
Фото: видеодан скриншот/ https://t.me/saryagashinform/3

Түркістан облысында қарт әкесін ұрып өлтірген ұлы мен келіні сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қоғамды дүр сілкіндірген резонансты оқиға Түркістан облысының Шардара ауданында болды. Инсульт алып, есі кіресілі-шығасылы болып тұрған қарияны ұлы өлімші етіп соққыға жыққан. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, елдің ашуын туғызды.

Көп ұзамай, марқұм қарт кісінің ұлы аймаққа танымал асаба Алмас Садақбаев екені белгілі болды. Ал қайғы жұтқан әкесі ұлының соққыларына шыдас бермей, сол күйінде өмірден өтіп кетті.

Бұл жағдайды облыстық Полиция департаменті ресми түрде растады. Құқық қорғау органдары бастапқыда марқұмның ұлы Алмас Садақбаев қамауға алынып, үстінен іс қозғалғанын хабарлаған. Алайда көп ұзамай күйеуінің жанында жүріп, қайын атасының өліміне себеп болды деген күдікпен марқұмның келіні де қамауға алынды.

Полиция департаменті Алмас Садақбаев пен әйелінің үстінен қандай іс қозғалғаны туралы агенттік тілшісіне мынандай пікір білдірді.

Қарт кісінің қаза болуына байланысты ұлына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан») бойынша іс тіркелген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Оның жұбайына қатысты да жеке тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Кінәлі адамға белгілі, дәрменсіз жағдайда немесе материалдық не өзге де тәуелділікте тұрған тұлғаға қол жұмсау») бойынша іс қозғалған.

«Алдын ала тергеу барысында барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп, болған оқиғаның мән-жайы толық анықталады. Нәтижесінде заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен бірге барлық уәждер тексеріліп, тергеу аяқталған соң қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді полиция өкілдері агенттікке берген жауабында.

Сонымен, аталған заң баптары бойынша, қарт әкесін азаптаған ұлы мен келіні 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.