30 мыңнан астам адам жүгінген: Астанадағы Жанұя орталығы қиын жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетеді

Астанадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Ол қоғамдағы отбасының әлеуметтік, құқықтық, психологиялық мәселелерін шешу бойынша кешенді қызметтер көрсетеді. Мұнда отбасыларға кәсіби кеңес беру, психологиялық қолдау, сондай-ақ отбасы институтын дамытуға арналған түрлі іс-шаралар мен тренингтер өткізіледі. орталықтың БАҚ пен өзара қарым-қатынас жасау бөлімінің маманы Айсұлтан Құнанбайдың айтуынша, биыл жыл басынан бастап 30 мыңнан астам адам жүгінген.
«Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» 2019 жылы құрылып, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді кеңес беру және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді. Оның мақсаты – жүгінген әрбір тұлғаға ерікті түрде жан-жақты көмек көрсету», - деді орталықтың БАҚ пен өзара қарым-қатынас жасау бөлімінің маманы Айсұлтан Құнанбай.
Оның айтуынша, орталық қиын жағдайға тап болған отбасыларға заңгерлік және психологиялық кеңес берумен қатар, әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерін де ұйымдастырады. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызметтер алу үшін көмек көрсетіледі.
Аталмыш орталық қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды қолдауда интеграцияланған тәсілдерді қолданады. Бұл тұрғыда орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлескен іс-қимылын үйлестіреді және «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы ақпарат алмасуды жеңілдетіп, көмектің тиімділігін арттыруға сеп болады.
Қиындыққа тап болған және әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға заңгерлік көмек көрсету маңызды бағыттардың бірі.
«Азаматтардың заңгерлік көмекке жиі жүгінетіндердің қатарында некені бұзу мәселелері, алимент өндіру, ортақ мүлікті бөлу, еңбек даулары сияқты мәселелер көп. Сонымен қатар орталықтың заңгер медиаторлары соттармен ынтымақтастықта жұмыс істеп, отбасы дауларын шешу секілді бағытта жұмыс істейді», - деді спикер.
Психологиялық көмек те назардан тыс қалмайды.
«Психологиялық көмек бөлім мамандары қиын жағдайдағы азаматтарға психодиагностикалық, психокоррекциялық және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Отбасы институтын нығайту бағытында онлайн консультациялар өткізіледі», - деді бөлім маманы.
Орталықта әлеуметтік қолдау көрсетілетін отбасылардың мәдени және қоғамдық белсенділігін арттыратын іс-шаралар өткізіліп тұрады.
«Ұйымдастыру жұмысы бөлімі мерекелік, мәдени, патриоттық және оқыту іс-шараларын дайындап, өткізеді», - деді ол.
Айсұлтан Құнанбай орталық халықтың сенім деңгейін арттыруға, кері байланыс орнатуға бағытталған жұмыстар жүргізілетінін айтты. Орталық жұмыс күндері таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді.



