«Жанұяда» елордалықтар үшін 309 консультациялық қолдау көрсетілді – психолог

Бүгін, 17:09
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views60
«Жанұяда» елордалықтар үшін 309 консультациялық қолдау көрсетілді – психолог
Фото: «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығынан

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мемлекеттік коммуналдық мекемесі қызмет алушыларға әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеді. Соның ішінде психологиялық көмек көрсету бөлімінің негізгі міндеті – қызмет алушыларға жеке және отбасылық мәселелерін шешуде білікті психологиялық қолдау көрсету, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Орталық маманының айтуынша, мұнда барлық жастағы азаматтар мектепке дейінгі балалардан бастап зейнеткерлерге дейін жүгінеді. Олардың қатарында көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, дағдарыс жағдайындағы әйелдер мен ер адамдар, отбасылық жұптар, жұмыссыз азаматтар, студенттер, жасөспірімдер және балалар бар.

2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша психологиялық көмекке 220 елордалық жүгініп, жалпы саны 309 консультациялық қолдау көрсетілген.

«Орталық көмегіне жүгінетін азаматтардың негізгі сұраныстар бағыттары отбасылық қарым-қатынас, жақын адамдармен жанжалдар, реніштерді, қорқыныштарды және бала кездегі жарақаттарды жеңу, өзін-өзі бағалауды және сенімділікті арттыру, жеке шекараларды қалыптастыру, эмоционалды күйзеліс пен стресс жағдайлары, дағдарыстық жағдайлар (ажырасу, жұмыссыз қалу, жақындарын жоғалту және т.б.), балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету.

Бұл тұрғыда орталық психологтары қызмет алушылармен жұмыста негізгі және арнайы әдістерді қолданады. Ең алдымен психологиялық әңгіме, бұл – клиенттің мәселесін анықтап, эмоционалды қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін негізгі құрал. МАК-терапиясы (метафоралық ассоциациялық карталар) жасырын сезімдер мен ресурстарды анықтауға көмектеседі. Ал арт-терапияның  эмоциялармен шығармашылық арқылы жұмыс жасауда көмегі зор. Сондай-ақ ойын терапиясы және ертегі терапиясы арқылы балалардың бойындағы психологиялық қиындықтарды оңай шешуге болады. Бұған қоса релаксациялық және тыныс алу жаттығулары мазасыздық пен стрессті төмендетеді», - дейді орталықтың психологиялық көмек көрсету бойынша маманы Дарина Қожахметова.

Орталық психологтары халықтың және мамандардың психологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізеді. Соның ішінде тікелей эфирлер өткізу, қызмет алушылар мен орталық қызметкерлеріне арналған тренингтер, студенттерге арналған дәрістер, Астана қаласы аудандық әкімдіктерінің аппараты және мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтер бар.

«Орталықта қосымша іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, мамандарымыз халықтың орталық жұмысы туралы ақпараттануын арттыру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыратын «Отбасын қолдау орталығы» тақырыбында сұхбатқа қатысқан болатын. Сонымен қатар №67 мектеп-гимназиясында өткен «Білім беру» және «Интеграцияланған білім беру» бағдарламаларын іске асыру драйверлері» атты қалалық семинарда маманымыз спикер ретінде көзқарасын білдіріп, жас ұрпаққа интеграцияланған білім туралы түсіндірді. Ауған соғысының ардагерлеріне арналған «Коммуникативтік дағдыларды дамыту» тақырыбындағы семинар-тренинг сәтті өтті. Ал Qazaqstan, Еуразия телеарналарына, Baq.kz ақпараттық агенттігіне қазақстандық отбасылардағы әкелер мен аналардың рөлінің өзгеруі жөніндегі сұхбат берілген болатын. Сонымен қатар Отбасы күніне орай «Барлығы отбасыдан басталады» атты іс-шара өткізіліп, «Тұран-Астана» университетінің «Психология» мамандығының 1-курс студенттеріне «Жанұя отбасы институтын қолдау орталығының психологының қызмет ерекшеліктері» тақырыбында дәріс оқылды», - деді психолог.

«Жанұя» орталығының психологиялық көмек көрсету бөлімі қолдауға мұқтаж азаматтар үшін сенімді тірек болып қала береді. Алдағы уақытта орталықта жеке және топтық психологиялық көмек көрсетуді әрі қарай жетілдіруді, тренингтер мен бағдарламаларды дамыту, психологиялық денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыру және отбасылық құндылықтарды нығайту жоспарланып отыр.