00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Елдігімізді танытқан ерен жыл»: Берік Уәли Президенттің 2024 жылғы қызметіне шолу жасады

27 желтоқсан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Елдігімізді танытқан ерен жыл»: Берік Уәли Президенттің 2024 жылғы қызметіне шолу жасады
Фото: akorda.kz

Egemen Qazaqstan газетіне ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Мемлекет басшысының жыл бойы атқарған қызметіне шолуы жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты. Олардың қатарында форумдар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өткен жиындар бар. Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы осы жылы 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хат­та­масы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды (25 желтоқсандағы мәлімет бойынша).

Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықара­лық және өңірлік ұйымдардың жетекші­лері­мен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат беріп, еліміздің ұстанымын білдіре­тін мақалаларын жариялады. Атап айтқан­да, жылдың алғашқы күндері Egemen Qazaqstan газетінде кең көлемдегі сұхбаты жарық көрді. Онда Қаңтар оқиғасына нақты баға беріліп, ел дамуындағы өзгерістер қамтылды.

Сондай-ақ Әзербайжанның АРА, Арменияның «Арменпресс», ҚХР-дың «Синьхуа» ақпарат агенттіктеріне және «Жэньминь Жибао» газетіне сұхбаттары, Францияның Le Figaro, Ресейдің «Известия» басылымдарына мақалалары жарияланды.

Биыл Мемлекет басшысы екі рет журналистерге арнап брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін Президент отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Ал 7 желтоқсан күні Доха форумының Newsmaker Interview форматындағы панельдік сессиясы кезінде модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ Президент шет мемлекеттер басшыларымен бірге БАҚ өкілдеріне арналған 14 брифинг өткізді.

Жыл басынан бері www.akorda.kz ресми сайтына Мемлекет басшысы­ның жұмысы туралы, соның ішінде әртүрлі іс-шараларда сөйлеген сөзде­рі мен үндеулері, Қазақстан халқына Жолдауы бойынша 814 ақпарат жарияланды. Президент Баспасөз қызметінің негізгі платформасының бірі – Aqorda телеграм-арнасына 7 804 ақпараттық материал шықса, Баспасөз қызметінің Facebook-тегі парақшасына 1 801 пост, Instagram парақшасына 1 727 пост жарияланды.

Мемлекет басшысының өзі де шетелге сапарлары, қабылдаған шешім­дері жайында әлеуметтік желілердегі парақшаларына пост жариялап, олардың мән-мазмұнынан көпшілікті хабардар етіп отырады. Бұл халықпен кері байланыстың тиімді құралына айналғаны сөзсіз. Жыл басынан бері Президент Х-парақшасына 20 твит, ал Instagram парақшасына 30 пост жариялады.

Әлеуметтік желіден бөлек Мемле­кет басшысының атына келіп жатқан өтініш, арыз-шағымдар мен талап-тілектерді талдап, саралау Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне жүктелген. Биыл 26 желтоқсандағы мәлімет бойынша, дәл осы платформа арқылы азаматтардан 49 069 өтініш қабылданды.

Мақаланы толығырақ Egemen Qazaqstan газетінен оқи аласыздар.