Қарулы Күштерімізді жаңғыртып жатырмыз – Президент


Армияның күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік алаңында өтіп жатқан әскери парадта айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты, - деген Мемлекет басшысы әскерилердің мінсіз қызметі елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі екенін еске салды.
Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.