Жоғалған тікұшақты 1-2 күнде табамыз деп үміттенеміз – вице-министр


Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев 25 шілдеде радардан жоғалып кеткен ЕС-145 тікұшағына қатысты іздестіру жұмыстары жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Қарулы күштердің тікұшағы жоғалғаны туралы таңертең хабарды естіген сәттен бастап, Алматы қаласынан біздің екі ұшақ қосылып, Қарулы күштермен бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізді. Алайда жоғалған тікұшақтың қайда, қалай ұшқаны белгісіз болғандықтан, іздеу аймағы өте кең болды. Тікұшақ жайлы ешқандай бағдар болмағандықтан, кешкі сағат 18:00 шамасында жерден іздестіру жұмыстарын бастадық. Сағат 18:00 мен 21:00 аралығында тікұшақтың қалдықтарын таптық, бірақ оның жоғалған тікұшақтікі екені әлі нақтыланбаған. Қарулы күштер Сорбұлақ өзенінің аумағында іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта нақты бағдар жоқ. Дегенмен тікұшақты 1-2 күн ішінде табамыз деп үміттенеміз», – деді Кеген Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 2025 жылғы 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті.
Сара Қамзаева