Жамбыл облысында жол апатынан жеті адам мерт болды

17 қыркүйек, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
views598
Жамбыл облысында жол апатынан жеті адам мерт болды
Фото: freepik

Жамбыл облысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының 526-шы шақырымында үш көлік соқтығысып, апаттан жеті адам мерт болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 16 қыркүйек күні сағат 18:30 шамасында болған.

«Cadillac Escalade» маркалы көлігінің жүргізушісі алдыңғы көлікті басып озып, қарсы бағытқа шығуы салдарынан сол бағытта келе жатқан «DAF»маркалы жүк көлігімен соқтығысуға жол берді. Нәтижесінде «Cadillac Escalade» көлігі өз жолағына түсіп, «Газель» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Соқтығысқаннан кейін екі көлік те бірден өртеніп кеткен,- деп жазылған полиция хабарламасында. 

Оқиға орнында 37 жастағы «Газель» автокөлігінің жүргізушісі, 30 жастағы «Cadillac Escalade» көлігінің жүргізушісі және оның 5 жолаушысы қаза тапты. Оның ішінде 2 жасар бала бар.

Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.