Тоқаев жедел штаб отырысында министрлерді сынға алды
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өрт аймағында өткен жедел штаб отырысында министрлерді сынға алды, деп хабарлады Elorda.info Ақордаға сілтеме жасап.
«Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент кешегі кадрлық ауыс-түйіс жайында да сөз қозғады.
«Өздеріңіз білесіздер, мен кеше Төтенше жағдайлар министрін ауыстыру туралы шешім қабылдадым. Жаңа министрді тағайындадым. Генерал-майор Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов жұмысқа кірісті. Төтенше жағдай саласында тәжірибесі, тиісті білімі бар», - деді ол.
Президент Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады:
«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек.
Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», —деді Президент.