Текеліде полицейлер бояуға уланған жігітті құтқарып қалды

Бүгін, 17:19
Айман Нығмет Айман Нығмет
Текеліде полицейлер бояуға уланған жігітті құтқарып қалды
фото: Polisia.kz

Оқиға 31 наурыз күні кешкі уақытта болған, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Сағат 19:30 шамасында қызмет атқару барысында Әуезов көшесінің бойында бейтаныс азаматты кездестіріп қалдық. Ол кісі бізді тоқтатып, көмек сұрады. Оқиға орнына келгенде қойманың ішінде бір бала есінен танып жатты. Айналасында бояу төгілген болды. Удың иісі шығып тұрды. Есінен танып қалған адамның аузынан көбік ақты. Дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, массаж жасадық», - деді Жетісу облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Елдар Амангельдин.

Бояу иісіне елтіп, есінен танып қалған 22 жастағы қала тұрғыны Тимур Абдуллин болатын.

«Жетісу Resort» кешенінде жұмыс істейтін жігіт мұндай жағдайға тап боламын деп мүлдем ойламаған.

«Шамамен 2-3 сағаттай бояу жағумен болдым. Ал есімнен танып қалғаным есімде жоқ», - деді ол.

Тимурдың көлігін кешен маңнан өтіп бара жатқан танысы Әбдібек Молдабеков байқаған. Жігітті таба алмаған ол оған қоңырау шалып, жауап ала алмаған соң дабыл қаққан. Полицейлерді де осы кісі шақырған.

Дәрігерлердің сөзінше, химиялық заттардың адам ағзасына әсері күшті.

«Ес-түссіз жағдайдан соң адамның жүрегі де тоқтап қалуы мүмкін. Яғни, орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылған кезде адамның тыныс алу функциясы нашарлайды. Алғашқы көмек дұрыс жасалмаса, пациентті жоғалтып алу қаупі бар. Бұл жағдайда, айта кету керек, полиция қызметкерлерінің алғашқы көмек көрсетуі өте жоғары деңгейде. Соның арқасында жас баланың өмірі сақталды. Бұл да бір ерлік. Медицина қызметкерлерінің атынан полиция қызметкерлеріне алғыс білдіреміз», - деді Текелі қалалық ауруханасының реанимация бөлімінің дәрігері Нұрғазы Тұрдалиев.

Бүгінде жігіттің өміріне еш қауіп жоқ. Ол өзін ажалдан арашалап қалған тәртіп сақшылары Елдар Амангельдин, Азамат Қазыбаев пен Жанатбек Ахметовке деген ризашылығын жасырмайды.