«Шерзаттың қолында кастет болды»: дүкенге сыра алуға келген Дархан Әскентай сотта жаңа түсініктеме берді


Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында бірінші болып дүкенге сыра алу үшін кірген Дархан Әскентай жауап беріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күдікті Дархан Әскентай бүгінгі жауабында марқұм Шерзаттың қолында кастет болғанын айтты. Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай күдіктінің осыған дейінгі жауаптарында бұл туралы айтылмағанын алға тартты.
«Басында бізді 24 сағат аудандық полиция бөлімінде ұстап, көзіме жарақат болғаны үшін мен айта алмадым дедіңіз. Алайда тергеу барысында сізден 6 рет жеке жауап алынған, 1 рет айғақтарды нақтылған, 3 рет беттестіру болған. Яғни, жалпы 10 рет сізден жауап алынған. Неге сол он реттің біреуінде де сіз айтпадыңыз?», - деді мемлекеттік айыптаушы.
«Мен бұрын-соңды істі болып көрмегенмін, маған қысым келтірілді. Бір жағынан ойымды жинақтап айтуға рұқсат берген жоқ. Есіме түскенді ғана айттым. Сол күні бізді тасымаған жерлері жоқ»,- деді Дархан Әскентай.
Мемлекеттік айыптаушы күдіктіге «кастет туралы сот отырысына келген кезде ғана есіңізге түсті ма?» деген сұрақ қойды.
«Маған айтуға рұқсат берген жоқ. Мен шок жағдайда жүрдім»,- деді ол.
Бірақ Дархан Әскентай сотқа дейінгі жауап алу кезінде Шерзаттың жұдырықпен ұрғанын айтқан.