Сәтбаев қаласында қызға шабуыл жасаған ер адам кінәсін мойындады


Сәтбаевта қызға шабуыл жасады деген күдіктіден полицияның жауап алған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ер адам үйіне келе жатқан қызды көріп, оның соңынан еріп, кіреберіске енгенін мойындаған. Видеода ол: «Кішкене қылғындырдым» деп айтады. Ер адам жәбірленушіні мүлде танымайды екен.
Полицейлер ер адамның оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Беттестіру жүргізіліп, күдікті кінәсін мойындады.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-тармағы (қылмысқа оқталу) және 120-бабының 1-тармағы (зорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, күдікті қызға Сәтбаев қаласындағы үйлердің бірінің подъезінде тиіскен болатын. Әлеуметтік желілерге тараған видеодан көпқабатты үйдің подъезіне кірген қызға, артынан ілесіп кірген ер адамның шабуыл жасағанын байқауға болады. Ол бойжеткенді ұстап алып, баспалдақтан сүйрей жөнеледі. Қыз айғайлап, қарсылық білдіреді, осыдан кейін ер адам қашып кетеді. Осы кезде көршілердің бірі пәтерден шығып, ер адамның артынан жүгіре жөнеледі.



