СҚО-да бюджет қаражатын заңсыз аударған бухгалтер 7 жылға сотталды

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының білім бөліміне жүргізілген тексеру кезінде мекеме бухгалтерінің бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактілері анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Бұл лауазымды тұлға 2021 жылғы қаңтардан 2024 жылғы сәуір аралығында ауданның білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы ретінде 39,8 миллион теңге көлемінде қаражатты заңсыз аударғаны белгілі болды.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша 2024 жылдың 11 маусымында аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру немесе ысырап ету) қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
«Айыртау аудандық соты 2025 жылдың 28 наурызында бөлім бухгалтерін қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол мемлекеттік және қаржы ұйымдарында материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айрылды. Сот үкімі заңды күшіне енді»,- делінген хабарламада.
Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.
Одан бөлек, 2024 жылы прокурорлық қадағалау актісі негізінде бөлім басшысы қызметінен босатылды.
Облыс прокуратурасы бюджет қаражатын пайдаланудағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.



