Павлодар облысында болған қатты дауыл салдарынан бір адам қайтыс болды


Павлодар облысында болған қатты дауыл салдарынан бір тұрғын қайтыс болып, тағы 15 адам зардап шеккен. 47 нысанға зақым келген, деп хабарлады Elordainfo.kz Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, 19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауылды жел тұрған.
Дауылды жел инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, электр қуатының өшуіне әкелген және тұрғындар арасында жарақат алу жағдайлары тіркелген.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша, дауыл салдарынан 16 адам зардап шеккен, оның үшеуі – бала. Ақсуда 1968 жылғы тұрғын қайтыс болған.
Облыс орталығында 47 нысанның, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеменің шатырына зақым келген. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан, Баянауыл ауданында 7 нысан бүлінген, сондай-ақ Май және Павлодар аудандарында да ғимараттарға зақым келген.
Бұдан бөлек, облыстағы қалалар мен аудандарда электрмен жабдықтау желілерінде ақаулар байқалған.
«Қазіргі уақытта Ақсу қаласында және Баянауыл ауданында электр қуатының өшуі тіркеліп отыр. Болған апаттың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Байланыс және электрмен жабдықтау желілерінің 16 бағанасы қалпына келтірілуде. 300-ден астам адам және 103 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Барлық шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде», - делінген хабарламада.



