LRT ісі: Халықаралық іздеуде жүрген экс-басшы Түркияда ұсталды

Бүгін, 09:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
LRT ісі: Халықаралық іздеуде жүрген экс-басшы Түркияда ұсталды
Фото: gov.kz

LRT ісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген бұрынғы басшы Талғат Ардан Түркияда қамауға алынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген.

Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген.

«Биыл ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында ұстады.

9 мамырда Анталья қаласының соты Т.Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда», - делінген хабарламада.

Қазақстанның құзыретті органдары аталған адамды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының соты Т.Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.