Костенко шахтасындағы апат: 45 кеншінің денесі табылды
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апатты жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде, деп хабарлады Elorda.info
Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан соңғы мәлімет бойынша, апат орнынан 45 кеншінің денесі табылды, 1 кеншіні іздеу жалғасуда.
Жұмыстар бір-бірінен шамамен 6 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде.
Кеншілер орналасуы мүмкін ықтимал учаскелерге тау-кен құтқарушыларының өтуінің барлық мүмкін жолдары пысықталуда.
Апаттың болжамды эпицентрін тексеру үшін ТЖ министрі Сырым Шәріпханов шахтаға түсті.
Тексеру барысында өрт пен жарылыстың әсеріне ұшыраған қазбалар қаралды, онда:
- шахта жабдығының бұзылуы және жылжуы;
-металл-аркалы бекіту элементтеріндегі шаң шөгінділері;
- желдету құрылыстарының зақымдануы анықталды.
Көзге көрінетін жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты, - деп жазды ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов апаттың себеп-салдарын тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелерімен отырыс өткізді.
Жұмыстарды жан-жақты қамтамасыз ету ТЖ министрінің жеке бақылауында. Жұмыс жалғасуда.