Интерпол ел азаматын еңбек құлдығына түсу қаупінен құтқарды


Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Интерполы еліміздің азаматын еңбек құлдығына түсу қаупінен құтқарды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық қыз Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі лауазымына жұмысқа орналасу мақсатында ұшып барған. Алайда шет елге келгеннен кейін бұл ұсыныстың артында басқа нәрсе тұрғаны белгілі болды. Ол еңбек құлдығына тартылу қаупіне тап болған.
Бұл оқиғаға жедел ден қойған Қазақстан ІІМ Интерполы Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерпол Бас хатшылығының адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныстар жолдады.
Шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет пен жедел байланыс нәтижесінде қыз дер кезінде құтқарылып, аман-есен елге қайтарылды.
Қазіргі уақытта қазақстандық аруды шетелге жұмысқа орналастыру ұсынысымен алдап, заңсыз еңбекке тартуға әрекеттенген адамдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Олар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатын болады.
Бұл оқиға адам саудасымен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов Францияның Лион қаласындағы Интерпол штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар барысында халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды кездесулер мен келіссөздер жүргізілді.
Сондай-ақ Қазақстан Интерполдың адам саудасына қарсы «Либертерра II» операциясына қосылды.
Аталған операция барысында Лаос еліне жұмысқа тұру мақсатымен барып, бірақ еркінен тыс ұсталған тағы бір қазақстандық қыз құтқарылып, елге қайтарылды.
Шетелдегі қазақстандықтарды қорғау жұмысы жалғасуда және бұл мәселе ІІМ-нің ерекше бақылауында.