Алматы облысында пәтердегі өрттен 5 адам құтқарылды
Алматы облысында пәтерден өрт шығып, 5 адам құтқарылды, деп хабарлады Elorda.info облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Оқиға орнына барғаннан кейін 1988 жылы салынған көппәтерлі бес қабатты үйдің 3-қабатында газ баллонының жарылуы салдарынан 3 шаршы метр аумақта балкон жанып жатқаны, өрттің ішінара ас үйге өткені анықталды. ГТҚҚ буынының көмегімен және құтқару қалпақшасын пайдалану арқылы төртінші және бесінші қабаттардан 5 адам түтін аймағынан құтқарылды, - делінген хабарламада.
Жанып жатқан пәтердің иесі екінші топтағы мүгедек әйел болған.
Өрттің себебі – өрт қауіпсіздігі ережелерінің 151-тармағында жазылған қауіпсіздік ережелерін бұзу. Бұны пәтер иесі де растады. Оның айтуынша, балконда от жағуға арналған кішкентай газ баллон сақталған, ол жоғары температура салдарынан атылып, балконда өрт шыққан.
Осы өрт фактісі бойынша аталған пәтердің иесі ҚР ӘҚБтК 410-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шағым-арызы жоқ, келтірілген материалдық залал туралы да шағымы жоқ.