Астана маңында жол апатынан 4 адам қайтыс болды
Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Арайлы ауылының маңында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, салдарынан 4 адам қайтыс болды, деп хабарлады Elorda.info облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Алматы-Екатеринбург" автожолының 1223 шақырымында Қостанайдың 37 жастағы тұрғыны басқарған "Тоyоtа Alphard" пен Астананың 42 жастағы тұрғыны басқарған "Тоyоtа Cаmry" көліктері бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Тoyota Alphard көлігі аударылған.
Оқиға болған жерде "Тоyоtа Alphard" көлігінің төрт жолаушысы қаза тапты. Олардың үшеуі Қостанай облысының тұрғындары. Осы көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы Астанадағы ауруханаға жатқызылды, - деп мәлімдеді ведомство.
Жол апатына қатысты "Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.