Елордалық өрт сөндірушілер 26 адамды құтқарды
Бүгін Астанада тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлады Elorda.info.
Елордалық ТЖД-ның мәліметінше, сағат 12:26-да Сарыарқа ауданы Қосшығұлұлы көшесі, 22/1 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабар түсті.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер көпқабатты тұрғын үйдің 2-қабатында орналасқан пәтерде 25 шаршы метрде жиһаз бен үй заттарының жанып жатқанын анықтады, - делінген хабарламада.
Елордалық өрт сөндірушілер автосатылардың көмегімен 26 адамды құтқарды. Оның 13-і – бала. 125-ке жуық адам эвакуацияланды.
Жедел жәрдем бригадасы мен апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері 6 адамды, (оның үшеуі баланы) ауруханаға жеткізді, - деп хабарлады ведомстводан.
Елордалық ТЖД мәлім еткендей, тілсіз жауды сөндіруге жеке құрамның 18 маманы және 4 техника жұмылдырылды.