Астанада бірнеше ұрлыққа қатысы бар адам ұсталды (ВИДЕО)
Астанада 36 жастағы қалта ұрысы қала тұрғындарының телефонын жымқырып жүрген. Көбінесе қоғамдық көліктерде және сауда үйлерінің жанында қылмыстық ойларын жүзеге асырған, деп хабарлады Elorda.info.
Ер адам “Әлем” сауда үйінің жанындағы жерасты өткелінде қыздың күртешесінің қалтасынан құны 200 мың теңге тұратын Samsung Galaxy A71 телефонын ұрлап кеткен. Ұрлықтың тез болғаны соншалық, қыз телефонынан айырылғанын бірден байқамаған.
Тағы бір жағдай, күдікті Big Шанхай сауда үйінің жанында арбасы бар әйелді көріп, оның соңынан ерген. Әйел үй-жайға кіріп бара жатқан кезде оның күртешесінің қалтасынан телефонын ұрлап, 134 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта оған қатысты ұрлықтың 3 эпизоды дәлелденді. Елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.