Елорда тұрғынын тонап кеткен шетелдік ұсталды
Астана тұрғынын мойнынан қылқындырып, тонап кеткен шетелдік ұсталды, деп хабарлады Elorda.info polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицияға қаланың 60 жастағы тұрғыны жүгініп, оны тонап, 690 мың теңге сомасында ақшасын ұрлап кеткені туралы арызданған.
Тергеу барысында ер адамның кешкі уақытта Құдайбердіұлы көшесіндегі шағын кафеде ішімдік ішкені анықталды. Мекеме қызметкері келушіге қызмет көрсету кезінде оның барсеткасында қолма-қол ақша бар екенін байқаған. Ақшаны иемдену мақсатында ол клиенттің артынан сыртқа қарай бет алып, жақындап барып, мойнынан қылқындыра бастаған. Содан кейін қаскүнем ер адамның қолынан барсеткасын жұлып алып, қашып кеткен, – делінген хабарламада.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының полиция қызметкерлері Қарағанды қаласында тонау қылмысына қатысы бар күдікті азаматты ұстады. Ол Өзбекстан Республикасының 28 жастағы азаматы болып шықты. Ұсталған ер адам мойындау көрсетпелерін берді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың Астана аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.