Елордалық полицейлер шетел азаматының ұрланған велосипедін тауып берді (ВИДЕО)
Шетел азаматы өзінің құны 350 мың теңге тұратын STERN велосипедін Қошқарбаев көшесіндегі автотұрақтың жанына қалдырып кеткен. Анықталғандай, автотұрақтың жанынан өтіп бара жатқан ер адам бекітілмеген велосипедті көріп, ұрлап айдап әкеткен. Ұрлық орын алған сәт “Сергек” АӨК бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Алматы ауданының полицейлері азаматтың велосипедін қысқа мерзім ішінде тауып, қайтарып берді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы елорда тұрғыны ұсталды. Ұсталған азамат кінәсін мойындады, оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шетелдік азамат өзінің бейнеүндеуінде полицейлерге алғысын айтып, Алматы ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлеріне велосипедін іздеп, табуға көрсеткен көмектері үшін ризашылығын білдірді.