Қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына ай сайынғы төлемдер беріледі

16 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына ай сайынғы төлемдер беріледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасыларына ай сайынғы төлемдер берілетін болады

Ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасында бүгінгі таңда ай сайынғы төлемдер алмайтын тұлғалардың жағдайын жақсартуға бағытталған түзетулер көзделуде.

Жаңа нормаға сәйкес қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан барлық құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері бір жолғы төлемдерден бөлек, қосымша ай сайынғы төлемдер алуға құқылы болады (жесірлерге – өмір бойы, балаларға – 23 жасқа толғанға дейін).

Бұл санатқа 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін (яғни 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті заң күшіне енгенге дейінгі) қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелері енгізіледі. Бүгінде бұл санатқа 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта қаза тапқан, ай сайынғы ақшалай төлем алмаған 530 отбасы кіретін болады.