Серік Жұманғарин Астананың дизайн-коды бекітілетінін айтты

Серік  Жұманғарин Астананың дизайн-коды бекітілетінін айтты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мәжілісте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заң жобасы қалалардың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруды көздейді.

Жұманғарин қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы жарнама арқылы ғана емес, маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлап бара жатқанын айтты.

«Сыртқы көрнекі жарнамаларды жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қаланың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудиожарнаманың кең таралуы себеп болуда. Бүгінгі таңда аталған әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды. Әрі заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген. Ал бұл мәселелерді шешу мақсатында келесі заңнамалық өзгерістер дайындалды», - деді Серік Жұманғарин.

Ол мынадай заңнамалық өзгерістерді атады:

-республикалық маңызы бар қалалардың, астананың стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыратын дизайн-кодты, сондай-ақ стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту;

-елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;

-ғимараттардың меншік иелеріне талаптарға сәйкес емес орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жасау жөніндегі шарттарды қолдану;

-ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;

-тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу ұсынылады.

Сонымен қатар, аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (455-бап) енгізу мәселесі пысықталып жатыр.