«Әлеуметтік саясат - мызғымас басымдық»: 8-сайланған депутаттардың ІІІ сессиясы аяқталды

Бүгін, 12:06
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Әлеуметтік саясат - мызғымас басымдық»: 8-сайланған депутаттардың ІІІ сессиясы аяқталды
Фото: видеодан скриншот

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жұмысын қорытындылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды.

«Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік.

Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы
құжатында –  үш жылдық бюджетте көрініс тапты.

Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды.

Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді.

Биылғы жылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті.

Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты.

Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарлануда.

Кейінгі бес жылда стипендия екі есе дерлік өскенін атап өткен жөн.

Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстеме ақы қарастырылды.

Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.

Аталған шараның бәрі азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деді Ерлан Қошанов.