«Бұған кім сенеді»: депутат Нартай Сәрсенғалиев жұмыссыздық статистикасын жалған деп сынады


Депутат Нартай Сәрсенғалиев жұмыссыздық статистикасының жалған екенін айтты. Сондай-ақ жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалардың тиімсіз деп сын тезіне алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайыз деп көрсеткенін айтып, мұны шындыққа жанаспайтынын алға тартты.
"Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайыз деп көрсеткен. Бұл – шамамен 451 мың адам. Алайда депутат бұл көрсеткіштің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр. Оның айтуынша, елдегі 11,5 миллион еңбекке қабілетті азаматтың 5,2 миллионының атында әлеуметтік аударымдар мүлде жоқ. Сонда бұл азаматтар қалай күн көріп жүр? Әлде олар ресми жұмыссыздар қатарында саналмай ма? “Әр қалада жұмыс іздеген жастар, жетім бұрыштарда күтіп отырған азаматтар – барлығы көзіқарақты жұртқа көрініп отыр. Бірақ ресми сандар мүлде басқа әуенді шырқайды,” - дейді Сәрсенғалиев.
Ол жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың тек 15%-ы нәтиже көрсететінін мәлімдеді. Депутаттың сөзінше, бұл тым төмен көрсеткіш.
"Тағы бір маңызды мәселе – халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалардың тиімсіздігі. 2024 жылдың 10 айында 6 түрлі субсидияланған бағдарламаға 180 мыңнан астам адам қатысқанымен, соның тек 26 мыңға жуығы ғана тұрақты жұмысқа орналаса алған. Бұл – бағдарламаға қатысқандардың 15 пайызы ғана нәтиже берген деген сөз. Оның үстіне, жастарға арналған “Жастар практикасы” бағдарламасы да көңіл көншітпейді. 33 300 жас қатысқанымен, тек 7400-і ғана тұрақты жұмыс тапқан. Әрбір жасқа ай сайын 117 960 теңге төленгенін ескерсек, мұндай нәтиже салық төлеушілер мен бюджетті басқарушылар үшін үлкен ой тудырады. Тағы бір көңіл аударарлық дерек – 2024 жылы жұмысқа тұрғызылды деп есеп берілген 236 мың жастың 33 мыңы зейнетақы қорына бір тиын да аудармаған. Бұл жастар расымен жұмыс істеп жүр ме, әлде жай ғана есептің құрбаны ма?" - деді ол.
Ол жұмыссыздықты төмендетуге қатысты бірнеше ұсыныс айтты.
• Жұмыссыздықты есептеу әдістемесін қайта қарау қажет.
• Жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігіне толық аудит жүргізу керек.
• Кәсіпкер болғысы келетін жастарға микрокредит беру шарттарын жеңілдету.
• «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысқандарды тұрақты жұмысқа қабылдауды міндеттеу.
• Бағдарлама аясында төленетін жалақыны көтеру (30 АЕК-тен 40-45 АЕК-ке дейін).
• Маусымдық жұмыс түрлерін ресми еңбек тәжірибесіне теңеу мәселесін қайта қарау.
Нартай Сәрсенғалиев мәселені жасырмау қажет екенін айтты.
"Жалған деректердің көлеңкесінде шынайы жұмыссыздар мен үмітсіз жастар тұр. Ендігі міндет – мәселені жасыру емес, ашық мойындап, түйінді тарқататын нақты қадамдарға көшу", - деді ол.
Бәтима Тілеуберді



