Варис Суюмбаев: Газ тарту жұмысына елорданың климаттық жағдайы әсер етті


Астанаға осыдан 5 жыл бұрын көгілдір отын келіп, қазір 216 мың тұрғынды қамтитын 14 мың абонент газға қол жеткізді. Елорданы газдандыру жобасының іске асу жолында сала мамандарының еңбегі көпшілікке үлгі. Солардың бірі - қалаға алғаш рет көгілдір отын келгенде жұмыстың басы-қасында болған «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының жетекші инженері Варис Суюмбаев.
Еліміздегі ең ірі газбен жабдықтаушы компанияда жұмыс істейтін Варис Суюмбаев халыққа қауіпсіз газ жеткізу саласында 17 жыл еңбек етіп келеді.
«Мектеп бітірген соң Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжіне оқуға түстім. Колледжде мұнай-газ құрылыстарын пайдалану мамандығын меңгердім. Кейін университетке құжат тапсырып, «Газ және мұнай ісі» факультетінде оқыдым. Еңбек жолым 2008 жылы өндірістік практикадан өткен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ компаниясында басталды. Ол жерде газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі болып жұмыс істедім»,- дейді ол.
Газ тарату пункттері мен газ реттегіш қондырғыларының техникалық жағдайын тұрақты түрде тексеріп тұру маңызды. Себебі кез келген уақытта газ саласында оқыс оқиға болуы мүмкін.
«Бала кезімде анамнан «Егер мен мұнай және газ саласында жұмыс істесем, онда өз ауылыма газ тартар едім» деген арманын жиі еститінмін. Жұмыста жақсы нәтиже көрсетуде анамның қолдауы көп болды. Түлкібас газ шаруашылығында слесарь болып 5 жыл жұмыс істеп, газ желілерін пайдалану қызметінің шебері болдым. Бұрын атқарған жұмыстардан бөлек, одан да жауапкершілігі көп міндет жүктелді, сөйтіп, 2018 жылы маған инженер қызметі ұсынылды»,- дейді Варис Суюмбаев.
Сала маманы газ шаруашылығында инженер қызметін атқарып, екі жыл өткен соң елордада жұмыс істеуге шақырту алады. Бұған дейін де бас қалаға көшуді жоспарлап жүрген соң ұсынысты қабыл алған.
«Астанаға 2020 жылы келіп, бірден «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының жетекші инженері болып жұмысқа кірістім. Ол кезде елордаға газ енді тартылып жатты. Жан-жақтан келген мамандарды бір ортаға жинап, газ құбырының құрылысын бастадық. Жасыратыны жоқ, қалаға газ енді тартылып жатқандықтан әлі де кейбір істер, мысалы құрылыс құжаттарын дайындау сияқты жұмыстар жолға қойылмаған еді. Кейін ақырындап барлығы ретке келді»,- дейді ол.

Жалпы елордада газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінген. Варис Суюмбаев «Железнодорожный», «Көктал» тұрғын алаптарын газбен қамтамасыз ету жұмыстарына атсалысқан. Оның сөзінше, бастапқыда газ тарту жұмыстарына елорданың климаттық жағдайы әсер етіпті.
«Астананың суық ауа райы газ тарту жұмыстырына әсер етті. Алғаш рет «Железнодорожный» тұрғын алабына газ берілгенде қатты қуанып, ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Бірақ келесі күні газ келмей, оқыс жағдай болды. Жедел әрекет етіп, ауа райына байланысты жерасты құбырлары қатып қалғанын анықтадық. Осы мәселеге қатысты барлық мамандармен кеңесіп, шешімін таптық. Тіпті шкафтық газ тарату пунктеріндегі газ құрылғылары аяздан қатып қалатын. Содан біз тәулік бойы кезекшілік жасап, тұрғындарға үздіксіз газ таратуды іске асырдық. Оңтүстік өңірде мұндай пунктердің жұмысын сирек тексеретін едік, ал елордада күніне 2-3 реттен бақылап отырдық», - деп есіне алды Варис Суюмбаев.

Сала маманы жұмыста қауіпсіздік ережелеріне аса мән берілетінін айтты.
«Табиғи газ өте қауіпті және жарылу ықтималдығы жоғары. Сондықтан біздің жұмыста ең бастысы – қауіпсіздік. Осы салада көп уақыттан бері жұмыс істеп жүрсек те, күн сайын қауіпсіздік ережелерін қайталаймыз. Күнделікті жұмысымыз нұсқаулық бойынша жүзеге асады. Кейде оқыс оқиғалар болып жатады. Ол кезде стандартты іс-шаралардан бөлек, нақты жағдайға қарай әрекет етеміз. Әр кезде тиімді шешім табуға тырысамын. Жұмысшылар сын сәтте дереу шешім қабылдап, аз уақытта шұғыл әрекет ету арқылы апаттың алдын алуы тиіс»,- дейді Варис Суюмбаев.
Айта кетейік, елорданың жылу электр станцияларындағы 16 қазандық пен 20 әлеуметтік нысан газға көшірілді. Әлеуметтік нысандарды дизельдік отыннан газға көшіру өткен жылыту маусымында 977 миллион теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінде газ тарту жұмысының үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр, ол 2024 жылдан 2026 жылға дейін жоспарланған.



