Әлеуметтік қызметкерлер мен жобаларға арналған байқаудың финалистері анықталды

Бүгін, 11:43
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views72
Әлеуметтік қызметкерлер мен жобаларға арналған байқаудың финалистері анықталды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

«Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» атты республикалық байқаудың өңірлік кезеңі аяқталды. Елдің барлық өңірлерінен байқауға жеті номинация бойынша 1 041 өтінім түскен. Сараптау нәтижесінде республикалық кезеңге 129 финалист өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашы болған бұл конкурс әлеуметтік сала мамандарының белсенділігін және инновациялық бастамаларын анықтап, көтермелеуді, сондай-ақ олардың кәсіби беделін арттыруды мақсат етеді.

Әлеуметтік қызметкер мамандығы – қоғамдағы ең ізгі әрі маңызы зор мамандықтардың бірі. Бұл сала мамандары күн сайын өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға көмек көрсетеді: жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үйде қызмет көрсетеді, отбасыларға қолдау білдіреді, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтарда жұмыс істейді, елдің әл-ауқаты үшін баға жетпес үлес қосады. Елімізде жарияланған Еңбек адамы жылы аясында бұл конкурс әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы еңбегінің маңыздылығын айқындап, олардың жанқиярлық қызметіне қоғам назарын аударуды көздейді.

«Республикалық кезеңге жеті номинация бойынша финалистер іріктелді. Ең көп қатысушы ұсынылған номинация – «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері» номинациясы бойынша 20 үміткер іріктелді. Ал «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік әлеуметтік педагог», «Еңбек мобильділігі орталықтарының үздік қызметкері» және «Үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» номинацияларының әрқайсысынан 19 финалист шықты. «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор» номинациясы бойынша 17 маман, ал «Үздік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкері» номинациясы бойынша 16 маман бақ сынайды», - делінген хабарламада.

Байқауға еліміздің барлық өңірлері белсенді қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша 13 өңірдің (Астана, Алматы қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары) өкілдері барлық жеті номинацияда ұсынылды.

Келесі кезеңде депутаттық корпус өкілдері, қоғам қайраткерлері мен әлеуметтік сала сарапшыларынан құралған республикалық комиссия 20 қазанға дейін жеңімпаздарды анықтайды.

Айта кетейік, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 24 қазанда, Әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласында өтеді.