«Аспаз, тігінші, кондитер»: Елордада қызмет көрсету мамандықтарын қалай меңгеруге болады

«Аспаз, тігінші, кондитер»: Елордада қызмет көрсету мамандықтарын қалай меңгеруге болады
фото: Оңалхан Өнерхан, коллаж: Елтай Нұрғазин

Елордадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі директоры Зәуре Қылышбаеваның сөзінше, жыл сайын колледжде оқуға ниетті талапкерлер саны артып келеді. Мәселен соңғы жылдары оқуға деген қызығушылықтың артуына байланысты орташа балы 4 және 5 болатын талапкерлер саны көбейген, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Оқуға қабылдау кезінде ережеге сәйкес үміткерлердің аттестатындағы бейіндік пәндер мен жалпы орташа бағалары ескеріледі. Бұрын бізге орташа балы 3 болған талапкерлер түссе, соңғы жылдары оқуға деген қызығушылықтың артуына байланысты орташа балы 4 және 5 болатын талапкерлер саны көбейді. Баяғыда «жұмысшы мамандықтарға мектепте нашар оқыған оқушылар барады» деген түсінік болды. Қазір бұл көзқарас өзгерді», - деді ол.

Оқу ордасының студенттері аймақтық және республикалық WorldSkills чемпионаттарында бірнеше рет жеңіске жеткен. Солардың қатарында колледж түлегі, өндірістік оқыту шебері Еркебұлан Махмұтов та бар. Ол  Швейцарияның Люцерн қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған.

«Мен осы колледжде білім алып, WorldSkills әлем чемпионатының наубайхана құзыреттілігі бойынша халықаралық сарапшысы атандым. Қазіргі таңда колледждің наубайхана цехында студенттерге нан өнімдерін пісіруді үйретемін. Біздің цех заманауи пештермен, түрлі құралдармен жабдықталған», - дейді Еркебұлан Махмұтов.

Студенттер мен педагогтер халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу үшін тұрақты түрде шет елдердегі түрлі семинарларға қатысады. Колледж директорының сөзінше, бұл тәжірибе олардың халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.

«Біздің оқытушылар шетелдік әріптестермен тығыз байланысып, әрқашан заманауи білім беру тәжірибелерін меңгеруге тырысады. Сонымен қатар колледжде академиялық мобильділік саясатын белсенді іске асырып келеді. Мәселен, биыл сәуір айында 50 студент Түркияның Анталия қаласында орналасқан Мехмед Зеки Балджы атындағы тамақтандыру және қонақүй бизнесі колледжіне баруды жоспарлап отыр. Түркиядағы оқу бағдарламасы студенттеріміздің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап келетініне сенімдімін»,- дейді Зәуре Қылышбаева.

Осы уақытқа дейін оқу ордасы 10 мыңнан астам қызмет көрсету мамандарын даярлаған.

Колледж директоры Зәуре Қылышбаеваның айтуынша, тарихы сонау 1983 жылдан басталатын колледж бастапқыда жеңіл өнеркәсіпке кадрлар даярлау мақсатында құрылып, кәсіптік-техникалық мектеп ретінде ашылған. Мектеп қайта құрулардан кейін 2012 жылы колледж мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда бұл колледж еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетекші оқу орындарының қатарына жатады. Бүгінде колледж қызмет көрсету саласына қажетті 6 мамандық пен 19 біліктілік бойынша кадрлар дайындайды. Ет және ет өнімдерін өндіру, тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тамақтандыруды ұйымдастыру, тағам өндірісінің технологиясы сияқты сан түрлі сала мамандары білім алып жатыр. Бүгінде 1600-ге жуық студент оқу ордасында оқиды.

«Біздің колледж кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, олардың нақты өндірістік талаптарына сай мамандар дайындайды. Жас мамандар жалпы қызмет көрсету саласында табысты еңбек етіп келеді. Оқу процесіне дуальды оқыту форматы енгізілген. Студенттер оқу барысында өндіріс орындарында жиі тәжірибеден өтіп тұрады. Біздің студенттерге 61 пән оқытушысы мен 16 өндірістік оқыту шебері және кәсіпорындардан келетін сала мамандары сабақ береді. Олар теориядан бөлек, тәжірибеге ерекше назар аударады», - дейді Зәуре Қылышбаева.

Жас мамандардың практикалық дағдыларын пысықтау үшін оқу ордасында қажет құралдар және қондырғылармен жабдықталған 13 цех пен зертхана бар.

«Жалпы колледжде тігін цехы, кондитерлер мен аспаздарға арналған зертханалар бар. Бірінші курс студенттері өндірістік оқыту практикасын колледж базасында өтеді. Онда кәсіпорындарға дайындық барысы пысықталады. Яғни студенттерге қауіпсіздік ережелері, құрал-жабдықтар мен өнімдермен жұмыс істеу тәсілдері түсіндіріледі. Екінші курстан бастап студенттеріміз кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Біздің өндірістік серіктестіктеріміз көп. Олардың қатарында қаладағы ірі қонақүйлер мен мейрамханалар бар. Сонымен қатар бүгінде халықаралық қатынастарға өте қатты мән беріп отырмыз», - деп түсіндірді колледж директоры.

Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі 2020 жылы және 2023 жылы Астана қаласының «Үздік колледж» конкурсының жеңімпазы атанып, қала әкімінің грантына ие болған.

«Қала әкімінің гранты колледжімізге қосымша мүмкіндіктер беріп, жаңа жобаларды іске асыруға жол ашты. Сондай-ақ бізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы коррекциялық топтар бар. Олар «тігінші» және «кондитер» біліктіліктері бойынша білім алуда. Жалпы колледж барлық бағытта қарқынды дамып келеді», - дейді оқу ордасының басшысы.