«Жастар» театры биыл 100-ден астам қойылым қойды
Бұл туралы «Жастар театры» МКҚК басшысының орынбасары Ерболат Елубай брифингте айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы 5 шілдеде құрылды. Өнер ұжымы 16 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 14 Гран-При жүлдесін иеленді.
Бүгінде театр репертуарында 55-ге тарта спектакль бар. Театр актерлерінің 99 пайызы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері.
Театр жанында «Қанаттылар» инклюзивті театры бар. Өнер ордасы ақын Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-позтикалық қойылымымен шымылдығын түрген болатын. Инклюзивті театр физиологиялық ерекшеліктері бар адамдардың талантын шыңдауға, оларды жұртшылыққа кеңінен таныстыруға зор мүмкіндік жасап отыр, - деді театр басшысының орынбасары Е.Елубай.
Театр ұжымы Оңтүстік Корея мемлекетінде Азия елдері бойынша ең ірі ХІІ Халықаралық мюзикл фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен қатысты. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды ірі мемлекеттермен қатар өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе болды.
Айта кетейік, биылғы жарты жылдықта театр 77 спектакль қойып, 144-тен астам іс-шара өткізді. Оның ішінде 105-тен астам қойылым бар. Өнер ордасының қойылымдарын 32 мыңнан астам көрермен тамашалаған.