Мәулен Әшімбаев: Наурыз – ұлттық құндылық төрге шығатын мереке

22 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мәулен Әшімбаев: Наурыз – ұлттық құндылық төрге шығатын мереке
Фото: Оңалхан Өнерхан

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа мол несібе, құт-береке және қуаныш тіледі.

«Құрметті достар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – төл құндылықтарымыз төрге шығып, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталатын және Табиғат-Ана жаңғырып, айнала жаңаша күйге енетін жалпыұлттық мереке. Халқымыз ежелден дәл осы кезеңді жыл басы санап, жаңа өмірдің бастауы ретінде ерекше атап өткен. 

Көнеден жалғасып келе жатқан осы үрдіс Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда тағылымы терең дүниелермен толыға түсті. Соның нәтижесінде еліміз бойынша Әз-Наурызға айрықша көңіл бөлініп, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуды көздейтін игі шаралар көптеп қолға алынып жатыр. Бұл қадам елімізді өрге жетелеп, татулығымыз бен тұрақтылығымызды одан әрі арттыра түседі деп сенемін. Жаңа жылымыз әр шаңыраққа мол несібе, құт-береке және қуаныш әкелсін! Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» - делінген құттықтауда.