Кино орталығының конкурсына 444 өтінім келіп түсті

13 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Кино орталығының конкурсына 444 өтінім келіп түсті
Фото: дереккөз

Мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңі аяқталды. Электронды түрде 444 сценарий мен сценарий жоспары тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліменінше, анимация саласы бойынша 42 өтінім берілген. Деректі-хроникалы фильмдер санаты бойынша 103, ал ойын фильмдеріне 299 өтінім келіп түскен.

Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін, Ұлттық киноны қолдау орталығы өтініш берушілер ұсынған құжаттарды Сараптама кеңесінің қарауына тапсырады. Сценарийлерді немесе сценарий жоспарларын Сараптама кеңесінің мүшелері фильм түрлері бойынша секцияларда қарастырады.

Кеңес құрамы 20 жұмыс күні ішінде басым тақырыптарға, сюжеттің құрылымы мен драматургия принциптері секілді басты талаптарға назар аударып, өтінімдерді қарап шығады. Екінші кезеңде Сараптама кеңесі ұсынған жобалардың құжаттар пакеті жинақталады. Бұл ретте қате кетсе, оны түзеуге 3 күн уақыт беріледі.

Айта кетейік, конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін 5-13 наурыз (12 наурыз сағат 23:59) аралығында өтінім қабылданды. Қаңтар айында кино түсіруге арналған басым тақырыптар жарияланды.