Елордалық оқушылар шешендік сайысқа түсті
Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Төле бидің 360 жылдығына арналған «Шешендік өнер – рухани асыл қазынамыз» атты шешендік өнер сайысын өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Елордадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінде өткен байқауға Алматы ауданының 8 мектебінен 12 мектеп оқушысы қатысты. Ұлттық, тарихи, мәдени, рухани құндылықтарды жастардың арасында дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайыста оқушылар 3 кезең бойынша бақ сынасты.
Өнерлі өрендер «Сөз қадірін білетін жас өренмін», «Шешендік дәстүрлі тіл өнері», «Қанекей сөйле қызыл тіл» шарттары бойынша тіл шеберлігін көрсетіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытты. Байқау қорытындысы бойынша шын жүйріктер мен шығармашыл оқушылар анықталды.
«Шешендік өнер – рухани асыл қазынамыз» байқауында жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар және түрлі номинацияларға ие болғандар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп лицейінің оқушысы Аружан Бөлекпай жеңіп алса, 1-орынға Мейіржан Асан лайықты деп танылды. 2-орынды Аружан Қуанышбайқызы мен Іңкәр Қуанышқызы бөліссе, 3-орынды үш оқушы Айша Балтабай, Кәусар Нұрғали, Фатима Нұғман иеленді.
5 оқушыға Майқы би, Жиренше шешен, Саққұлақ пен Досбол шешен, Жанқұтты шешен атындағы арнайы жүлделер тапсырылды.
Бас жүлдеге ноутбук, 1-орынға планшет, байқауға қатысушылардың барлығына электронды сағаттар мен құлаққаптар, сонымен қатар мадақтамалар, ұстаздарына алғыс хаттар берілді.
Жаһандану заманындағы жастардың, бабалардың бізге қалдырған өнегелі өсиетін, би-шешендердің шешендік толғауын, ғибратты шығармаларын қаншалықты деңгейде танып білді, ана тілін қаншалықты деңгейде анықтады, сөз биігіне қай деңгейде сусындады, соған жауап іздеу. Осы бір қатысушылар арасынан болашақта ел тізгінін ұстар бір-бір би, бір-бір шешен шығарына сенеміз, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығар дарындыларға сәттілік тілейміз, – дейді «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы.
Би-шешендердің даналық сөздерін жатқа оқыған дарынды балалардың елден ерек өнері, ана тілімізді насихаттаған болмысы басқа оқушыларға үлгі ретінде көрінсе, жалпы өнер байқауының танымдық жағынан берері көп болды,
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ