«Қазақконцерт» ұйымы кезекті концерттік маусымын бастады

Бүгін, 10:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views44
«Қазақконцерт» ұйымы кезекті концерттік маусымын бастады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 65-ші концерт маусымын салтанатты түрде ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отандық эстрада жұлдыздары, танымал сахна шеберлері мен жас таланттар бас қосып, көрермен түрлі музыкалық стильдер мен жанрларды қамтыған кешке қанық болды.

Іс-шараға Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсахаджаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Гүлсім Мырзабекова, Бибігүл Жанұзақ, Айзат Қарабек, Салтанат Ахметова, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Капонова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Исаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Альмадиев, Әділхан Макин, Аяулым Қамажан, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ибраһим Амин, Жанна Сандыбаева, Дәрия Бекпенбет, Нұрсұлтан Әнуарбек, Жаслан Кәрім, Сұлтан Ахмет, Ақбөпе Әлібекова, Жібек Сапарғалиева, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдерінің балеті, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, SAZ&SOUL вокалды-инструментальды ансамблі, FORTE TRIO мемлекеттік триосы, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, «Астана мюзикл» мемлекеттік мюзикл театры және Жібек Сапарғалиева қатысты.

Көрермен қауымға ұлттық және әлемдік опера, халық әндерінен попурри, отандық композиторлардың туындылары, хореографиялық композициялар, заманауи танымал әндер шырқалды. Жаңа маусымда өнерсүйер қауым үшін қызықты жобалар әзірленген. Ұжым 65-ші концерт маусымы аясында көңіл көтеруге арналған заманауи жобалар, ұлттық музыкалық мұраны дәріптейтін қойылымдар, жанды орындауда шырқалатын әндер, заманауи эстраданың үздік туындылары, вокалдық және хореографиялық композициялар, премьералық қойылымдар, жанды дуэттер, жаңа толқын өнерпаздарының орындауындағы әлемдік музыка элементтері бар креативті шешімдер ұсынатын болады.