«Қазақконцерт» әртістері Біріккен Араб Әмірліктерінде өнер көрсетті


Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына гастрольдік сапармен барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Онда ұжым халықаралық InClassica International Music Festival жобасы аясында классикалық музыка концерттерінің негізгі оркестрі ретінде өнер көрсетті.
Іс-шараға Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсахаджаева қатысты.
Гастрольдік сапар еліміздің әлемдік аренадағы мәдени имиджін нығайту және Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық байланысты күшейту мақсатында ұйымдастырылды.
InClassica International Music Festival халықаралық музыкалық фестивалі – халықаралық жоғары деңгейдегі беделді іс-шара. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен оркестрлер қатысып, классикалық музыканың үздік әртістерімен бір сахнада өнер көрсетеді.
Айта кетейік, өнер ұжымы бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Англия, Франция, Чехия, Италия, Германия, Аустрия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия және Жапония елдерінің үздік концерттік залдарында өнер көрсеткен. Сонымен қатар оркестр классикалық музыкаға арналған көптеген халықаралық фестивальге қатысып келеді. Осы уақыт аралығында симфониялық оркестр елде және шет елдерде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.



