00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабының тұсаукесері өтті

13 маусым, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабының тұсаукесері өтті
коллаж Elordainfro.kz

Астана қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінде көрнекті қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар – ғажап жандар» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Бүкіл саналы ғұмырын радио журналистикасына арнаған Ғалия Құсайынқызы 10-нан аса кітап шығарған қаламгер ретінде де танымал. Тұсауы кесілген «Тұлғалар – ғажап жандар» атты кітабы автордың журналистика саласындағы ұзақ жылғы еңбегінің жарқын көрінісі деуге болады. Кітаптың негізгі арқауы – мемлекеттік және қоғамдық ортаның ерекше адамдары. Автор өзі тұлға деп, ғажап жандар деп санаған кейіпкерлерінің өмір жолын жан-жақты зерттеп, оқырман қызығып оқитындай етіп жазады.

«Ғалия Құсайынқызы елімізге танымал журналистің бірі екені сөзсіз. Мен бұл қаламгерді қаламыз Астана болғалы жақсы білемін. Жас елордамыздың алғашқы сәтінен бастап, оның қалыптасу, өркендеу кезінде Астанамыздың мәртебесін ұлықтау үшін көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар жазушылық қабілетімен де ерекшелентін жан. Бүгінгі таңда зейнеткер болғанымен Астана қаласының Ардагерлер кеңесі мен «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінің медиатобында шығармашылық жұмысын жемісті жалғастырып жүр. Сол үшін де біз Ғалия Құсайынқызын ерекше құрметтейміз, әлі де қатардан қалмай жаңа шығармалар, кітаптар жаза беруіне тілекшіміз», - деді Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов тұсаукесер рәсімінде.

Мағыналы да, мазмұнды кітаптың тұсаукесер рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері Рысты Жұмабекова, Алматы аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Мұстафин, ардагер-ұстаз Еркін Дәуешұлы және басқа да азаматтар ақжарма тілектерін айтып, кітап авторына зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.

Жиналған қауым жаңа кітаппен танысып қана қоймай, әсерлі ән-күйге де бөленді.

 

Ғалым Қожабеков