Астанада музыка мен би әуеніне толы танго кеші өтті
Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы бір сахнада скрипка, виолончель, баян және фортепиано аспаптары тоғысқан «Танго кеші» концертін ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аргентина мен Уругвайда бастау алған, кейін әлемнің көптеген елдерінде танымал болған музыка мен би кешінде көрермендерге көңіл-күй сыйлайтын, әсерлі ритмдер мен экспрессивті әуендер шырқалды. Сонымен қатар музыкалық өнер мен хореография классикалық тангоның сиқырлы әлемін ашты.
«Бұл кеште танго әндері шырқалып, би қойылды, сондай-ақ аспаптық өңдеудегі шығармалар да орындалды. Кештің қызықты өтуі үшін көрермендерге тангоның қысқаша тарихы туралы ақпарат берілді. Қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлының «Жаным» туындысы композитор Әділжан Толықпаевтың танго стилінде қайта өңделіп, тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады. Кештің соңғы кульминациясы ретінде театрландырылған қойылымда El Tango De Roxanne әні мен биі ұсынылды», – деді Saz & Soul тобының әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Самғар Толқынхан.
Концерттік бағдарламада жиырмасыншы ғасырдағы танго әлемінің атақты композиторларының бірі Астор Пьяццолланың «Қыс», «Обливион» және «Либертанго» шығармалары, сондай-ақ француз композиторы Ришар Гальяноның «Нью-Йорк Танго» мен «Клодқа арналған танго» сияқты музыкалық туындылары орындалды. Сонымен қатар көрермендерге «Кумпарсита», «Әйелдің хош иісі», «Роксанно», «Либертанго» сияқты танымал классикалық танго әуендері тыңдатылды.
Іс-шараға Saz & Soul тобының әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Самғар Толқынхан (баян), «Гүлдер» ансамблінің концертмейстері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, Notre dame de Paris, «Қазақстан дауысы», «Солдат любви» жобаларының концертмейстері Дана Молдағалиева (фортепиано), танымал композитор, мультиинструменталист, Saz & soul тобының көркемдік жетекшісі Әділжан Толықпаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің әртісі Заңғар Мүбараков, «Гүлдер» ансамблінің әртістері Әміре Нұрсәулет, Ақерке Батырбек, Камилла Шкибаева өнер көрсетті. Сондай-ақ халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Президенттік оркестрдің әртісі Еңлік Қасымбекова және «Астана Балет» театры оркестрінің әртісі Мәдина Рахманқұлова, әнші, I.MUSIC.U музыкалық жобасының негізін қалаушы nasiafromasia (Назия Әлжанова), кәсіби фингерстайл гитарист, Қытайдағы екі маңызды халықаралық фингерстайл гитара жарыстарының жеңімпазы Мұрат Зайнула да сахнаға шықты.