Astana Media Week: дәстүрлі медиа мен жаңа медиа бәсекелестігі
Astana Media Week-тің келесі сессиясында жаңа медиа платформалары мен дәстүрлі медиа платформалары арасындағы бәсекелестік мәселесі сөз болды, деп хабарлады Elorda.info.
«Медиа трансформация» тақырыбындағы панельдік сессия БАҚ саласындағы қайтымсыз өзгерістер тақырыбына арналады. Панельдік сессия спикерлері «Әлеуметтік желілер неге дәстүрлі БАҚ-ты ығыстыруда?», «Қағазға басып шығарылатын баспасөз дәуірі аяқталды ма?», «Журналистердің сөз бостандығы азая ма?» және «Жақын арада медиа қызметкерлерін қандай заңнамалық жаңашылдықтар күтеді?» деген сауалдарға жауап беруге тырысты.
Мен дәстүрлі медиалардың әлі ұзақ уақыт ұтылмайтынына сенемін. Себебі цифрлар да соны айтады. Мысалы, ресми мәліметтер бойынша қазір 60 пайыз қазақстандықтар сенімді ақпарат көзі ретінде телеарналарды таңдайды. Оның ішінде 56 пайызы «Қазақстан» арнасын таңдап отыр. Нарықтағы белгілі зерттеу компаниясы мен КИОР институтының зерттеулерінде де тура осындай мәлімет келтірілген. Рас, қазір телеарналарды көру, газет оқу азайды. Бірақ ақпаратты көреременге жеткізу тәсілдері өзгерді. Яғни, көреремен біздің контентті гаджеттер арқылы, әлеуметтік желі, youtube арқылы қабылдайды. Тек «Қазақстан» корпорациясының елдегі әлеуметтік желі мен интернеттегі жазылушыларының саны 10 млн-нан асады. Ал оған тұрақты көрермендерімізді қоссақ, одан да көп. Бірақ оны ешкім есептеп отырған жоқ. Осымен мәліметпен де дәстүрлі медианың әрі қарай жасай беретінін дәлелдеуге болады, - деді «Қазақстан «РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай.
Бұдан басқа панельдік сессияда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, журналист және медиа менеджер Арманжан Байтасов, «Хабар Агенттігі» АҚ бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали сөз сөйледі. Диалог модераторы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова болды.
Әрі қарай форум «Қазіргі заманғы телевидениенің цифрлық контурындағы жарнама» панельдік сессиясымен жалғасты. Қатысушылар контекстік жарнама мен агрессивті маркетингтің үстемдігі кезінде теледидар аудиториясының назарын қалай аударуға болатынын талқылады.
Форумның екінші күні Юлия Юка Кравченконың «Альтернативная реальность» атты Диджатл көрмесі ашылады. Сондай-ақ, өңірлік БАҚ-тар форумы болады. Бұл жерде қазақстандық БАҚ-пен бірге ТМД елдерінің журналистері және жақын шетел журналистері бір алаңда пікір алмаспақ.
Astana Media Week-те баспасөз хатшылары да назардан тыс қалмайды. Іс-шараның соңында өз ісінің үздігіне «Үздік баспасөз хатшысы» номинациясы табысталмақ.
Форум баспасөз, радио, интернет-журналистикасаласындағы «Үркер-2023» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау іс-шарасымен қорытындыланбақ, - деді Astana Media Week ұйымдасыру комитетінің мүшесі Бибгүл Құламан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үш күн бойы медиа алаңға 2 мыңнан аса БАҚ өкілдері мен 60-тан аса өз еліміз бен жақын шетелден келген спикерлер бас қоспақ.
Естеріңізге сала кетейік, Astana Media Week 23 қыркүйекке дейін жалғасады.