«Астана Балет» жаңа маусымын «Бейбарыс сұлтан» балетімен ашады

Бүгін, 11:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views58
«Астана Балет» жаңа маусымын «Бейбарыс сұлтан» балетімен ашады
Фото: «Астана Балет» театрынан

29-30 тамызда «Астана Балет» театрының ХІІІ маусымының шымылдығы «Бейбарыс сұлтан» спектаклімен ашылады. Тарихи-драмалық шығарманы тамашалаған көрермен қауым көркем хореография өрнегі, музыка мен өткен дәуір атмосферасы үйлесім тапқан туындыға куә болады. Жаңа маусымның ашылуы кезекті театр жылнамасы ғана емес, бұл шараға театр ұжымы бір кісідей атсалысып, бар өнерін паш етпек, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астаналық театр афишасының сан алуандығы өзінің ауқымдылығымен және өнерге деген ерекше көзқарасымен тамсандырады. Көрермен көзайымына айналған, ел аузындағы спектакльдерді қайта тамашалау мүмкіндігі туған сайын, талғампаз көрермен толымды дүниені көріп, әртістердің шеберлігіне тәнті болып, рухани ләззатқа кенеледі.

«Бейбарыс сұлтан» – астаналық театр афишасындағы ең жарқын спектакльдердің бірі, онда авторлар жоғары билікке қол жеткізудің артында не тұрғаны, кейіпкердің таққа жайғасу үшін және билікті уысында ұстап қалу үшін қандай құрбандыққа баратыны жайлы ой толғайды. Байтақ даланың бейнесі және Отанға деген сағымдай сағыныш спектакльдің лейтмотивіне айналды. Бейбарыстың тағдыры – кіндік қаны тамған туған жерімен, жусанның кермек, әйтсе де бойыңды баурап алар хош иісімен тығыз байланысты. Сағымға айналған туған өлкесі мен жусан иісіне деген сағынышы ғұмыр бойы көкейінен кетпеді. Қойылымды жасауға талантты өнер қайраткерлері: композиторлар – Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, суретші-сценограф – Леонид Басин, костюм суретшісі – Ася Соловьева, жарық суретшісі – Арсения Сафиуллина қатысты.

Фото: «Астана Балет» театрынан

«Біз жаңа маусымның ашылуына дайындалып жатырмыз, театрда жұмыс қызу жүріп жатыр. «Бейбарыс сұлтан» балетінінің репетициясымен қатар, жаңадан қосылған жас әртістердің спектакльге қосылуы да қатар жүріп жатыр. Бейбарыстың басты партиясын жетекші солистер орындайды. Оның бірі Сүндет Сұлтанов, ал Ерқанат Ермағамбет үшін бұл дебют болмақ.

Қыркүйек айына мазмұнды гастрольдік бағдарламамыз жоспарланып тұр. 12-14 қыркүйек аралығында Қостанай тұрғындары «Кармен-сюита» және «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балеттерін, сондай-ақ «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисментін тамашалайды. Алда тағы бір маңызды оқиға бар: Кореяға гастрольдік сапар, онда театр Cheonan World Dance Festival 2025 беделді фестивалі аясында Айгүл Тәтидің қойылымында ұлттық бағдарламамен өнер көрсетеді.

27 қыркүйекте симфониялық оркестр «Есімдер. Double Concerto» концертін қояды.

Айгүл Тәти шығарған ұлттық хореографиядағы жаңа миниатюралардың тұсаукесері күзгі репертуардың сәнін келтірері анық. Бұл жарқын, ерекше туындылар ұлы даланың салт-дәстүрі мен энергетикасын жаңа сахналық тәсілдер арқылы жеткізеді. Біз жаңа маусымның осындай ауқымды әрі шабыт дарытатын жобалармен ашылатынына қуаныштымыз», - дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.