Архив және кітапхана мамандарын даярлауға арналған грант саны ұлғайды
Мемлекеттік архивтер мен кітапханалардың кадрлық әлеуетін білікті жас мамандармен күшейту үшін Мәдениет және спорт министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде кітапханашылар мен архив қызметкерлерін даярлауға арналған грант саны 5 есе ұлғайды, деп хабарлады Elorda.info.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, осыған дейін аталған мамандықтарға 20 грант қана бөлінген болса, биылғы жылдың маусым айында енгізілген өзгерістерге сәйкес грант саны 100-ге дейін ұлғайтылды,
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған облыстардың жастарына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуі үшін арнайы мемлекеттік білім гранттары қарастырылып отыр. бұл күнде 5 өңірге кітапхана және архив мамандарын даярлауға арналған қосымша 89 грант берілді. Оның ішінде Түркістан облысына – 52, Шымкент қаласына – 14, Жетісу облысына – 12, Ұлытау облысына – 1 және Абай облысына – 10.
Сонымен қатар, 2023-2024 оқу жылына магистрлерді даярлауға - 20, PhD докторына 3 грант бөлу жоспарланып отыр.
«Мәдениет және спорт министрлігі архив және кітапхана салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырады. Оның ішінде кітапханашыларды шетелде оқыту немесе тағылымдамадан өтуге жіберу. Сондай-ақ тұрақты түрде біліктілік арттыру іс-шараларын ұйымдастыру. Аталған мамандыққа грант санының ұлғаюы жас мамандармен саланың кадрлық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді»,- деді ҚР МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.