«Алатау» ансамблі Аустрияда өткен фестивальде өнер көрсетті
Аустрия мемлекетінің оңтүстігінде орналасқан Филлах қаласында 4-6 тамыз аралығында «Villacher Kirchtag» атты дәстүрлі фестивальге К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, фестивальде Мәдениет саласының үздігі Дастан Көрегеннің жетекшілігіндегі «Алатау» фольклорлық ансамблі, әншілер, Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Жанатбек Кәдіров және Жандос Омаров өнер көрсетті. Фестивальді 100 000 адам тамашалап, 40-қа жуық мемлекеттен 3000-ға жуық өнерпаз қатысты.
Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы, Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Әлібек Бақаев Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сейітқасым Түктібаевқа алғыс білдіріп, өзге де өнерпаздарды марапаттады.