00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Алан Бөрібаев Словения ұлттық операсында «Евгений Онегинді» сахналады

9 маусым, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Алан Бөрібаев Словения ұлттық операсында «Евгений Онегинді» сахналады
Фото: Astana Opera

Словения ұлттық операсында  25 мамырдан 10 маусымға дейін Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының премьералық спектакльдері зор табыспен өтуде.  Қойылымды елордалық «Астана Опера» театрының бас дирижері, маэстро Алан Бөрібаев жүзеге асырды, деп хабарлады Elorda.info театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Алан Асқарұлы, сіз «Онегинмен» Үлкен театрда және «Астана Операда» жұмыс істедіңіз. Келесі маусымда сізді Хельсинкиде, Фин Ұлттық Операсында осы операмен жұмыс күтіп тұр. Люблянадағы бұл жаңа қойылымның қандай ерекше тұстары бар?

Білесіз бе, осынау туындының енді жазылған кездегі жаңа лебі мен көпқырлылығы маған әрдайым сезіледі.  Өзім жатқа білетін бұл туынды мені  әркез түбегейлі жаңа дүниесімен таңғалдырады. Черняков немесе Ливермор секілді айтулы режиссерлердің  ең қызықты қойылымдарына дирижерлік еткеннен кейін, маған  осы спектакльді қойған атақты еуропалық режиссер Винко Медерндорфердің бұл туындыға көзқарасы қандай екені қызықты болды. Ол халықаралық кинорежиссер, оның фильмдері Канн және Венеция кинофестивальдерінде,  Берлиналеде,  Монреаль мен Монпелье  фестивальдерінде, басқа да жерлерде көрсетіліп, марапаттарға ие болған. Сондай-ақ, ол драматург, 9 роман мен 24 пьесаның авторы. Оның кітаптары әлемнің түрлі тілдерінде басылған. Оның оқуындағы «Онегин» мен көрген ең драмалық қойылымдардың бірі. Ол үшін бұл туынды басты кейіпкерлерді естерінен тандыруға дейін баратын ең құштар сезімдерге толы.  Сонымен қатар, мен барлық мәтін мен нюансировканың интонацияларда неғұрлым анық берілуімен көп жұмыс істедім. Әртістер қызығушылықпен қабылдады, хор көбірек қимылдап, биледі. Мен оркестрде осынау ғажап партитурада неғұрлым көп бояуларды табуға тырыстым. Спектакль балеттің де сәнін келтірді, Росана Хрибардың хореографиясы. Оның үшінші актідегі танымал полонезге қатысты шешімі қызықты, мұнда Евгений Онегиннің қалай пайда болғаны хореография тілінде баяндалады. 

– Сіз Словенияда бірінші рет дирижерлік етіп отырған жоқсыз,  оған дейін сіз мұнда симфониялық музыканы орындадыңыз ғой?

Иә,  мен Люблянада алғаш рет жас кезімде  дирижерлік еттім.  Менің керемет Словения филармониялық оркестрімен бірге Гендельдің «Корольдік отшашуға арналған  музыкасында» дебют жасағаным есімде жақсы сақтаулы. Одан кейінгі жылдары филармонияда дирижерлік еттім,  ал қазір Операда «Онегинмен»  дебют жасадым.  Меніңше, Любляна қызықты жер,  өнермен айналысатын адам үшін жерұйық мекен тәрізді. Бір адым аттасаңыз, өнерге кезігесіз. Операдан екі адым жерде екі музей  орналасқан: заманауи өнер және классикалық көркемсурет музейлері.  Қала орталығы Бетховен атындағы көшемен қиылысады. Бұл көше 1701 жылдан бері жұмыс істейтін филармониямен байланысады.  Ал театрға беттейтін жолмен жүріп бара жатқанда мен үнемі  Густав Малердің өзенге көз тастаған ескерткішімен ойша амандасамын. Малер Люблянада біршама уақыт жұмыс істеген және словениялықтар оны құрметпен еске алады. Айтпақшы,  Малер «Евгений Онегин»  спектакліне дирижерлік еткен. Бұл спектакльді Чайковскийдің өзі тамашалаған және Петр Ильич оны сол кезде кемеңгер қойылым деп атаған. Маған дирижерлік ету бойынша сабақ берген профессор, маэстро Урош Лайовиц премьерамды тамашалауға келгені мен үшін қуанышты жайт болды. Оның жетекшілігімен мен Вена Музыка және Сахналық өнер университетін бітірдім. Ол менің жұмысымды құп көріп,  маған Бетховен симфонияларындағы артикуляциялық белгілерге арналған өзінің жаңа кітабын сыйға тартты. Бұл нағыз ерекше оқылу, десе де, мен құштарлана оқимын, Конан Дойлдың детективі тәрізді. 

– Өте қызық, ал жақын арадағы жоспарларыңыз қандай? 

Бір аптадан кейін мен Астанада дирижерлік етемін. Шетелдегі жұмысыңнан кейін әрдайым Отанға, отбасыңа тартып тұрады, әлбетте әріптестеріммен жұмыс істейтін күнді күтудемін. 16-17 маусымда менің сүйікті спектаклім Вердидің «Дон Карлосы», ал  12-13 шілдеде Пуччинидің «Турандоты» болады, бұл спектакль де маған қатты ұнайды. Бұдан бөлек, 16 шілдеде «Астана Операның» мерейтойлық маусымын ғаламат симфониялық концертпен жабатын боламыз. Ол жерде Ахмет  Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» тамаша ұлттық операсынан Симфониялық сюитаны алғаш рет орындамақшымыз. Сондай-ақ аты әлемге әйгілі виолончельші Цзин Чжаомен бірге осынау кеште Антонин  Дворжактың виолончельге арналған концертін орындаймыз. Бұрындары Цзин Чжао екеуміз бірге Жапонияға гастрольмен барған едік. Оның Астанада өнер көрсетуге шақыруымды қабыл алғанына қуаныштымын. Театрдың мерейтойлық маусымы мен концертті Малердің «Титан» деп аталатын ғаламат Бірінші симфониясымен тамамдаймыз. Бұған дейін біз оның Екінші, Бесінші және Сегізінші симфонияларын ойнадық және осылардан кейін  барлығы неден басталғанын білу үшін бірегей Бірінші симфонияны орындау көңілге әбден қонымды. Келуге тілек білдірушілердің барлығын шақырамын!