Қайрат Сәтжанов: Азия чемпионатына баратын құрам анықталды
Әуесқой бокстан 29 қараша мен 11 желтоқсан күндері аралығында Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында өтетін ересектер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Осы орайда ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Elordainfo.kz сайтына дайындық барысымен бөлісті.
- Бүгін Азия чемпионатына баратын құрам ақпарат бетінде жарияланды. Боксшылардың көпшілігі Шымкенттегі турнирде анықталғаны белгілі. Оқу-жаттығу жиынында қай салмақтарда іріктеу жүргіздіңіз? Сары құрлыққа бару үшін кімдер спаррингте жұдырықтасты?
- Иә, Азия чемпионатына баратын құрам анықталды. Негізгі құрам 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкентте өткен Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде белгілі болған еді. Өздеріңіз білетіндей, сол жарыста 67 келіде Дулат Бекбауов жарақатына байланысты жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтауға мәжбүр болып, Илья Калининға есе жіберген. Сондықтан осы салмақта Азия чемпионатына баратын боксшыны анықтау мақсатында 5 төреші және 5 бапкердің қазылығымен Дулат пен Илья арасында спарринг өткіздік. Нәтижесінде 10:0 есебімен Дулат Бекбауовтың пайдасына шешілді.
- Астана төрінде Куба мен Грекия құрамаларымен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырсыздар. Неге бұл елдерді шақыруды жөн көрдіңіздер?
- Бұған дейін Азия чемпионатына дайындық мақсатында Шымкенттегі турнирдің алдында Украина құрамасымен оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырдық. Енді Астана төріне жақында ғана Ресей чемпионатында жүлделі орын алған мықты спортшылар ат басын бұрды. Одан бөлек, Кубадан 5 боксшы келді. Әсіресе 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 5 дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар ла Крус бен 2 дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Арлен Лопесті ерекшелеп айтуға болады. Грекиядан Еуропа чемпионатының 63,5 келі мен +92 келідегі жүлдегерлері де жерлестеріміздің дайындығына үлес қосуда.
- Көпшілік жастар арасында әлем чемпионы атанған Төрехан Сабырханды күтіп еді. Жиын барысында да оны көріп қалдық. Бұл боксшыны қашан ересектер арасынан көреміз?
- Төрехан Сабырхан жақында ғана жастар арасында әлем чемпионы атанып, «Ең үздік боксшы» номинациясын жеңіп алды. Енді желтоқсан айының 17-24 күндері аралығында Қарағандыда өтетін ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. 2006 жылғы боксшылар халықаралық бокс ережесіне сәйкес, ересектер арасындағы бәсекеге тек келесі жылы ғана қатыса алады. Алайда біз Черногориядан жүлделі қайтқан, спорт шебері атағын алған жас спортшыларға Қарағандыдағы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысуға мүмкіндік бердік.
- Бұған дейін ұлттық құраманы 2021-2022 жылдары баптаған сәтте соңғы жарысыңыз Азия чемпионаты болып еді. Енді екінші рет тағайындалған сәтте бірінші жарысыңыз Азия чемпионатымен тұспа-тұс келді. Қандай мақсат қоясыздар? Басты қарсыластарыңызды айта аласыз ба?
- Иә, 2021 жылы Қазақстанның жастар құрамасын баптаған сәтте БАӘ-де өткен Азия чемпионатында 8 алтын және жастар арасындағы әлем чемпионатында 2 алтын жеңіп алдық. Сол кезде ересектер құрамасы Токио Олимпиадасынан 2 қола жүлде алып, жанкүйерлерді алаңдатқан еді. Сол сәтте көмекшім Нұркен Аңдасов екеуміз қиын сәтте ересектер құрамасын тізгіндеп, Белградта өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола иелендік. Нәтижесінде жалпы есепте Кубадан кейінгі екінші орынға тұрақтадық. Байқасаңыз, Токио мен Париж Олимпиадасынан кейінгі жағдай ұқсас болып тұр. Ал 2022 жылы Азия чемпионатына барар алдында 3 алтын, 3 күміс, 1 қола аламыз деген жоспар бердік. Бірақ біз Иордания жерінде төрешілердің қыспағына ұшырасақ та, 3 алтын, 6 күміс, 3 қоламен міндеттемені асыра орындаған едік.
Осы жолы Париж Олимпиадасында 5 алтын алған Өзбекстан және жекелеген салмақтарда мықтылары бар Қырғызстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Таиланд, Филиппин, Иордания, Моңғолия т.б. елдерді атап өтуге болады. Жарыстың деңгейі жоғары.
- Ересектерден бөлек, өзіңіз кезінде баптаған жастар құрамасы да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Қазіргі сәтте қай салмақта бәсекелестік жоғары деп ойлайсыз?
- Жаңа жылдан кейін World Boxing ұйымына ауысып жатырмыз ғой. IBA-да 13 салмақта жүлде сарапқа салынса, World Boxing ұйымында 10 салмаққа дейін қысқарады. Ол жерде спортшылар 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, +90 келіде ғана жұдырықтаса алады. Енді 48 бен 51 келідегі боксшылар 50 келіде мықтыны анықтайды. Барлық салмақта сондай. Бұл бәсекелестікті одан әрі шиеленестіретіні сөзсіз.
- Сұхбатыңызға көп рақмет!