АҚШ-тағы сән көрсетілімінде Қазақстан әнұраны шырқалды
АҚШ-тағы сән көрсетілімінде Қазақстан әнұраны шырқалды
Бұл іс-шараға танымал дизайнерлер мен сән әлемінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар АҚШ-та тұрып жатқан қазақ дизайнері, кәсіпкер Анелия Әлім өз шығарылымын Нью-Йорктің сәнқой тұрғындарына ұсынды.
«NYFW-2024» сән көрсетілімінде ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуымен Нью-Йоркте тұратын қазақтың кәсіби эстрада-джаз әншісі Гүлзар Ғабдрахман Қазақстан Республикасының әнұранын орындап, «New York, New York» әнін шырқады.
Әлемге әйгілі өнер жұлдызы Френк Синатраның репертуарындағы «New York, New York» әнін алғаш рет Нью-Йоркте өткен «West Park International Music Festival-2022» Халықаралық байқауында орындаған болатынмын. «NYFW-2024» сән көрсетілімінің ұйымдастырушылары меймандарға осы әнді тарту етуімді және еліміздің әнұранын орындауымды сұрап, арнайы шақырту жіберді. Азуын айға білеген АҚШ-та, Нью-Йорк қаласының төрінде қазақтың әнін шырқау және мәдениетін көрсету – мен үшін үлкен мәртебе, - деді Гүлзар Ғабдрахман.
Айта кетсек, Гүлзар Ғабдрахман 2022 жылдың маусым айында АҚШ-тың әйгілі концерттік залдарының бірі «Carnegie Hall»-да өткен «Viva music Carnegie Hall» атты халықаралық өнер додасында Қазақстан атынан қатысып 1-орынды иеленсе, 2022 жылдың қараша айында Нью-Йорк қаласында өткен «West Park International Music Festival» ән байқауында 20 америкалық өнер майталманы арасынан топ жарып, гран-гри иегері атанған болатын.
Сонымен қатар ол Лондонда өткен халықаралық «Альбион жұлдыздары-2019» өнер байқауының жеңімпазы, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының өнер магистрі, «Гүлзар Ғабдрахман эстрада мектебінің» негізін қалаушы.