Мәдениет және спорт министрлігі биыл 101 әдебиет басып шығарады
Мәдениет және спорт министрлігі биыл 101 әдебиет басып шығаруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 35 аталым қолжазбасы сатып алынған, бұл әдебиеттер бұрын еш жерде жарияланбаған. Бұл туралы Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.
Жеке және заңды тұлғалардан түскен өтінімдерді Сараптама комиссиясы қарайды. Комиссия ұсынылған кітаптың көркемдік құндылығының болуы, сондай-ақ сатып алудың өзектілігі, орындылығы тұрғысынан зерделеп, қорытынды шығарады. Сарапшының оң қорытындысын алған әдебиеттер Ведомостаралық комиссия шешімімен басып шығарылатын әдебиеттер тізіміне енгізіледі. Өтінімдер жыл сайын көркем әдебиет, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет, мәдениет және өнер туралы әдебиет, энциклопедиялық-анықтамалық әдебиет, ғылыми-көпшілік әдебиет, қоғамдық-саяси әдебиет, аударма әдебиеті, мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған әдебиет түрлері бойынша қабылданады, - деді Алмаз Мырзахмет.
Өткен жылы 188 аталым 506 мың данамен басылып шығып, барлық өңірдегі мемлекеттік кітапханаларға таратылған. Оның ішінде «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша жарыққа шыққан кітаптар оқырманның жоғары бағасына ие болды.